Сағындық Сені, ей, Аллаһтың елшісі!!!
Сағындық Сені, ей, Аллаһтың елшісі!!!

Бұл қаншама рет ниет етіп кері шегінгенім... Бұл қаншасыншы рет батылдық танытқаным... Үстелде сағаттап отырып қалам мен қағазға қарап қаншасыншы мәрте кері қайтуым... Бұл қаншасыншы рет жазғанымды жыртқаным... Бұрын соңды дәл осылай ешбір нәрсе қиын болмаған еді. 
Көз көрмесе, көңіл баяндай алмаса, қалам несін жазсын...
Сені (с.а.у.) баяндауға бұл күнәһар тіл мен әлсіз сөз лайық па ..? Бірақ... Тағы да «Расулаллаһ...»
Хазіреті Ибраһимнің отына су тасыған құстың мысалы көңіл- ниетімнің белгісі болсын, үмметің болуға лайық болмасам да ниетім анық болсын. Сені (с.а.у.) бір көрмеуім, исіңді сезе алмауым- сезбеуге, көрмеуге шыдамдылық танытқанымды түсіндірсін...
«Үмметім, үмметім» деп жүріп, көздерін тұмшалаған надандық қараңғылығын аштың. Жер мен көк алғаш болып жылағандары- иләһи бір сүйінші екендігін біліп, құрмет көрсеткендері еді. 
Ширк оттары тастай қатса да жарық нұрға қарсы тұра алмады.
Сен (с.а.у.) мейірімнің қуанышты хабарысың және бүкіл әлемге Рақым болып қана жіберілдің. Дертті көңілдерде шіруге шақ қалған дәнектер Сен үшін көгеріп, жайқалды. Кектенген көңілдер жүректегі ғашықтыққа жұмсарды. Ең қатты жүректер иман етпесе де, Саған «Сенімді Мұхаммед» деді. Аяғы кісендеулі қанша адам иләһи жолдаудан тура және ақиқат болмысын таныды. 
Нұры сөнген көздерге жарықтық, күйзелген көңілдерге серпін әкелдің. Титімдей денелерді тірідей топыраққа көмгендерге мейірімділік шырағын жағып, олардың біртіндеп адалдық ескерткіші халіне айналуларына себеп болдың.
Жаһанға сүйікті рухыңнан өркендеген жүрек жұмсақтығын әкелдің. Ол сондай бір хабар еді, мыңдаған, миллиондаған жүректерге тыным бермеген еді. Иман нұрынан сәулеленген бір құлдың мырзасымен құқығының тең екендігін білуі, бір әйелдің өзінің құнының қымбаттылығын түсінуі, бір пақыр Алла жолындағы жұмсаған малының тақуалықтың жанында құны болмай қалатынын үйренгенде, мойынсұну теңізінің батыл тұрақтылығы күпірліктің қатты соққан толқындарына қарсы жан берісе соғысып жатқандай болады. Бұл – бейне бір ғашықтық секілді. 
Ғашықтық... Бұл ғашықтық ақырзаман жастарының күнә мен күпірлікке толы ғашықтығы емес. Бұл ғашықтыққа жетелер жүрек үміті мен қорқынышы болуы қажет. Бұл ғашықтыққа жетелер жақының болуы қажет. Бір ғашық жан өз сүйіктісіне «сағындым» деген кездегі алған жауабының қандай болғанын білесіздер ме? «Пайғамбарымызды (с.а.у.) дәл осылай сағына аласың ба?»... Арада уақыт өтіп, екі ғашық екі жаққа кеткен кездегі әлгі ғашық жанның сүйіктісіне жазған хаты.
«...Есіңізде ме? Сізге «сағындым» деген кезде, «Пайғамбарымызды (с.а.у.) дәл осылай сағына аласың ба?» деген едіңіз. Әр кез сізді сағынып, «көздеріңізді жұмған кезде өбетін кірпіктеріңіз болсамшы» деген ой келгенде бейне бір сіз маған: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кірпігі болғың келмей ме?»,- деп тұрғандай боласыз. Әр кез «тым болмаса алақаныңыз аялап тарақтайтын шаштарыңыз да болмаппын- ау» деген сәтте, тағы да «Пайғамбарымның (с.а.у.) шаштары болмаппын- ау деп егілсеңші?»,- дегендей боласыз да, ғашықтар шыңының шыңына жетелер жан болып жолыққаныңыз үшін көп шүкір етем...» 
Мойынсұну теңізінің батыл тұрақтылығы, күпірліктің қатты соққан толқындарына қарсы жан берісе соғысу – бәлки, осы екі ғашықтың махаббатында осылайша көрініс тауып жатқандай...Бұл да өзінше бір арпалыс. 
Саған ғашық жандар, Сенің мұратыңа көңіл қойғандар шашыңның бір талына зарар келмесін деп, бір емес, мың жандары болса да берген еді. Не істесең де, әдемі етіп істеуші едің... 
Сен (с.а.у.) керемет Әке, сенімді Отағасы, мейірімділік ескерткіші болған Ата, сыдық Жолдас, кемеңгер Қолбасшы, қайсар Заңгер, биік шыңдай Ғалым, тазалық Символы, шебер Саудагер, стиль іздеушіге ең керемет Стильсің...
«Раббым мені көркем мінезді толықтыруым үшін жіберді»,- дедің. Омар, Әбу Бәкірлер және тағы да қаншама жандар Сенің нұрлы жаныңда ғұмыр кешті. Сенің дәуірің біз үшін тек баян болып қалды. Сол үшін, Раббым Сені соңғы пайғамбар және әлемдерге Рақым етіп жіберді. 
Тек қана сахабаларыңды ғана емес, «бауырларым» деп ақырзамандағы бейтаныс жандарды да айтып кеттің. 
Сен (с.а.у.) ақырзаманда келетін үмметіңнің бастан кешер жағдайын еш уақытта да ұмытпадың. 
Я, Расулалаһ, біздің табынарымыз Лұт, Ъузза емес – ақша, атақ, отбасы және де тыныштық, бейғамдық... 
Біз де уақыт шөлінде үлкен бір сынаққа жолықтық... Осы шөлде ақыретімізді құтқармақ үшін әр уақыт Сенің (с.а.у.) сүйкімді қалпыңды паналаймыз. Маһшар күні бізді, бұл ақырзаман бейшараларын шапағатыңнан махрұм етпе..?! 
Әссәләму ъалайкум Я, Расулаллаһ!!!

Айгерім Есқожаева Айгерім Есқожаева
9 лет назад 4288
1 комментарий
О блоге
Прямой эфир