Кіршіксіз Рамазан. Рамазан айы аяқталғанда өзіңді айыпты сезінудің 10 себебі
Кіршіксіз Рамазан. Рамазан айы аяқталғанда өзіңді айыпты сезінудің 10 себебі

Сонымен, Рамазан айы өтіп кеткен соң өзіңді айыпты сезінудің сыры неде? Мен оның 10 себебін таптым:

1. Шектен тыс бір мүмкіндіктерді күту: Жыл сайын Рамазан айында шектен тыс мүмкіндіктер күтеміз. Қанша рет адамдардың «осы Рамазан айында Құранды толығымен 5 рет оқып шығам», «Рамазан айының әр түнінде тарауих пен тахаджуд оқимын» деп өз-өздеріне сөз бергенін естідің? Биік шыңдарға ұмтылудың еш сөкеттігі жоқ, алдымызға асқақ мақсаттар қойып, өз өзімізді жетілдіре түсуіміз керек. Алайда, өзіңді біле тұра, орындалуы мүмкін емес мақсаттар қоймау керек. Бұлайша өзіңе психологиялық қысым жасауға әсте болмайды. Сол себепті, жолдан сәл тайған сәтте-ақ, үлкен үмітіміз күлге айналғанда, мақсаттар мен талпыныстарымызды шамалы өзгертудің орнына, «жарайды.., мүмкін келесіде.., келесі жылы…» деген синдромға шалдығамыз.

 2. Рамазанды қиындатып жібереміз: Қасиетті айдың алғашқы күндерінде өз бойымыздағы керемет өзгерістерді бақылаймыз – таң намазынан бір сағат бұрын оянамыз, әдетте бұлай ерте тұруға дағдыланбасақ та алдында тек қана сүннет намазын оқып жүрген біз, тарауих намазының 20 рәкағатын оқимыз, аптасына бір-екі бет Құран оқып үйренгенімізбен, енді болса күніне 10-20 бетін оқып жүрміз. Осыншама құлшыныстың соңы не? Мұндай қарқынмен тек алғашқы күндерді өткізіп, сосын қарқынымыз азайып, күн сайын бұлай жасау тым қиын екенін ұғынған сәтте, бәрі де бәз баяғы қалпына кеп оралады.

 3. Реттіліктің жоқтығы: Рамазан айының ортасына жеткен кезде, сонша күш салып, ынталанып бастаған күн тәртібі өзімізге ауырлық түсіре бастайды. Таң намазынан кейін оқылатын 10 бет Құран да оқылмайды, тарауих намазына жығылу әр түннен келесі түнге ысырылып, тахаджудқа оянудың орнына таң намазының нақ алдында немесе ауыз ашарға сәл қалғанда ғана ояну басталады. Осылайша өзіміздегі реттілік жойылады.

 4. Білімнің аздығы: Ораза жайлы білім қорымызды арттырмау – Рамазан кезінде өзіңді айыпты сезінудің алғышарттарының бірі. Сондай-ақ қасиетті айдың бар қуатын сезінбеу, толыққанды ораза ұстаудың психологиялық, рухани, физикалық байланысын түсінбеу де Рамазан айы біткенде өзіңді ішіңнен айыпты сезінуге итермелейді.

5. Жамағат қолдауынан тыс қалу: Рамазан – өз- өзіңмен күрес айы іспетті. Ешкім өзінің рухани тәжірибесі жайлы сөз айтпайды, Рамазандағы жай- күйі туралы бөліспейді. Талқылап, барыңмен бөлісетін, қолдау көрсетіп, демейтін жан жоқ. Тек қана сен, өзің және жеке басың ғана.

6. Уақытыңды тиімді қолдана алмау: «Уақытты тиімді қолдану? Ол не? А, сен анау, белгілі бір істі белгілі бір уақытта жасау туралы айтып отырсың ба? Оу, бауырым, не деп кеттің? Бұл деген РАМАЗАН! Рамазанда бәрі де өзгеше... Рамазан кезінде уақытты тиімді пайдалану мүмкін емес! Күн ыстық, не істеймін, ұйқыны бір қандырып алсам екен, бауырым... демалуым керек»,- дерсіз алайда...  

7. Күш-қуатты тиімді пайдаланбау: Рамазан айы бойы біз тамақ пен ұйқыдан қағыламыз – ауқаттануымыз шектеулі, ұйқымыз қанбай жүреміз. Сол себепті дұрыстап әрекет те жасай алмаймыз. Бұл да Рамазан айында өзіңді іштей айыпты сезінудің бір факторы.

 8. Шынықпаған дене: «Шынығу??» Рамазанда кім шынығады? Қай ғаламшардан тап болдың өзің?» Шындығында, Рамазан айында спортпен шұғылдану әбден мүмкін және бұл да өте маңызды дер едім.

 9. Рухани байланысты үзіп алу: Рамазан айы - рухани даму мен Аллаһ Тағалаға тақуалық ету айы. Рамазан айының рухани жаңару айы екенін белгісіз себептермен естен шығарып ала береміз. Қасиетті айдың дәл ортасында үмітіміз жойылып, тағы да сол баяғы «Рамазан айы біткен кездегі өкініш» атты арбаға жайғасып отырып аламыз.

10. Жаттығудың аздығы: Біз (мұсылмандар) Рамазан айына жоспар құрмаймыз. Біз Рамазан айына дайындаламыз яғни жаттығамыз. Қасиетті ай имандылардың сахнасы, бар күш-жігерін салып, мүмкіндіктерін көрсетіп, сауап жинайтын ай. Алайда, ол үшін жыл бойы дайындалу керек. Кез келген Олимпиада жеңімпазының айтатын сөзі: жаттығу керек, өзіңді сайысқа дайындауың шарт! Жәй ғана сайыс күні келіп алып, жеңіл жеңіске дәмеленуге болмайды. Білемін, бәрін де жалпылама айттым және жоғарыда атап өткен 10 себептің еш қайсысы да саған қатысты емес шығар. Алайда өткен ораза айларын еске алып, өз-өзіңнен: «Жоғарыда аталған 10 себептің бірі Рамазан айында өзімді айыпты сезініп, оянуыма түрткі бола ала ма?»,- деп сұрап көр.  

 

 

Айгерім Есқожаева Айгерім Есқожаева
7 жыл бұрын 3398
0 пікір
Блог туралы