ЖАРАТУШЫСЫН ІЗДЕГЕН ЖҮРЕК -3
ЖАРАТУШЫСЫН ІЗДЕГЕН ЖҮРЕК -3

Күндер өтіп жатты. Құлан таза айықпасам да, өзімді сергек ұстай бастадым. Менің сергектігімді оятқан күнделікті бес уақыт айтылатын азан дауысы. Азанның дауысын ести салысымен жүрегім жай тапқандай бола бастайды да, азан бітісімен көңілім алабұртып, беймаз күйге енеді. Дәл осы азаннан кейін бір жұмыс істе дегендей көңілім тыншып, бір орнымда отыра алмай абыржып қалам. Осылай өз өзімді іштей қажып жүре бергенімде, осы бір жағдай орын алды. Анам бір күні таң атар атпастан оятып жуынуымды сұрады. Әдемі киімімді киіп біз сыртқа шықтық. Таңның таза ауасы мен салқын самалы мені әдемі әуенге бөледі. Өзімді сергек, көңілді сезіндім. Азан дауысын сағынып келемін, іштей күліп қоямын. Алдымда жаңа өмір басталып, жақын арада ғана бір қуанышты жағдай орын алатынын сезгендей бақыт құшағына еніп келемін. Анамның Міне біздің қорғаушымыз, сенің амандығыңды Кұдайдан сұрайық дегенде ғана жүрегім зір ете қалып, бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Қарсы алдымда жол апатына түспестен бұрын анам екеуіміз анда санда келіп тұратын алтынмен апталғандай, сары сырмен сырланған үлкен шіркеу тұрды. Тұрған орнымда қатып, аяғымда зіл батпан темір байланғандай көтерілмейді. Анамның жүр енді дегеніне де қарамастан, аяғым алға басар емес. Тұрған орнымда состыйып тұрмын. Жүрегімнің дүрсілі аласұрып, дәл қазір бір жарылыс болатындай, жиілеп барады. «Анамның сенің түрің бозарып барады, не болды қызым» дегеніне айтар жауап таппай, аузыма сөз түспей, тілім күрмеліп, өз өзімнен қорқып, дір- дір етем. «Үйге, үйге қайтам» деп әрең айттым. Анамды менің бұл жағдайым шошындырса керек, дереу артқа бұрылып, қайтуға әрекеттендік. Анам жолда менің асты үстіме түсіп, әлек болып келе жатты. Менің де жүрегім тынышталғандай, көңілім жайлана түсті. Кенет көзім жасы отыздар шамасында болатын, алдында бірге де толмаган кішкене баланы ойнатып, еркелетіп, көтере келе алқызыл бетінен кезек- кезек сүйіп, сәбиінің уыз татыған иісін құмарта иіскеп, құшырлана құшақтап отырған жігітке түсті. Әсем көріністен көз ала алмай қарап тұрғанымда, кенеттен сәби жылап кетті. Жан ұшыра жанына жетіп барғанымды да білмей қалыппын. «Не болды, не болды» дей беріппін. Әкесі маған таңырқай қарап, баласын жұбатып, әлек бола қалды. Жылаған бұл баланың дауысына жүрегім шыдай алмай,елжіреп, менің де аналық сезімім оянып кеткендей болды. Әкесінің қолынан сәбиін тартып алғандай қолынан жұлып алып, тыныштандыра бастадым. Анасы қайда, анасы қайда, қарны ашқан болар, емізу керек қой деп жігітке дүрсе қоя бергендей, ренжулі жүзбен қарадым. Бала менің құшағымда бір сәтке тынышталғандай болды. Дәл осы баланы іздеп жүргендей, көптен күткен сағынышым осы болғандай, көңілім алабұртып, кеуде тұсыма бір өксік тығылғандай, тынысым тарылып, жүрек соғысым жиілей түсті. Баламның анасы да әкесі де менмін, деп жаңағы жігіт қолымдағы сәбиді қайта алды. Кешірерсіздер, тамағын берейін деп сөмкесінен балаларға арналған сүтті беріп жатты. Әкенің құшағындағы сүтке толы бөтелкесін құшырлана сорып жатқан сәбидің әсем көрінісі. Әке мен сәбидің өзара махаббаты. Қызығып қана қарайсың. Әттең, әттең, анасы да дәл қазір осында отырып, баланың құшырлана сорған бөтелкесінің орнына өз ақ сүтін беріп отырғанда ғой. «Анасы осы баланы дүниеге алып келем деп дүниеден озып еді, Алланың қалауымен шахид болды» деген бұл жігітке көңілім жібіп, ішім жылып кетті. Сөйлеген сөздеріне қарап, мұсылан екенін білуге болады. Осы сәби мен оның әкесінің жанында бір елі де ажырамай тұра бергім келіп еді, анамның қайтайық дегеніне көндігіп, артыма қарайлай келе олардан ұзап кете бардым. Ойымнан шықпай, оларды күн сайын сол жерден іздеумен болдым. Олар сол жерде жүргенде оларға ұрлана қарап, жандарына баратынмын. Мінезі тұйық, сабырлы келген сыпайы жігіт көп сөйлеуге жоқ болғанмен, оны сөзге тарттым. Әйтсе де, ол ашыла қоймады. Мен сәбиді өз жаныма жақын тартып, оның әрбір күлкісін естігім келді. Жаныма жайлылық, көңіліме қуаныш, жүзіме күлкі сыйлайтын бұл бала менің құрсағымнан теуіп шыққандай, қатты жақын еді. Менің жүрегім сәби жүрегін сезгендей, оған деген кіршіксіз аналық махаббатым күн өткен сайын күшейе берді. Сәби мен әкесінің жанында мен өзімді бақыт құшағына еніп кеткендей, жүрегім тек осылар деп қана соғатындай тәтті бір сезімге берілетінмін. Атын Айдар де таныстырған жігітпен жақын таныспасақ та әр көрген сайын амандығымыз түзу еді. Менің де исламға бар ынтаммен қызығып жүргенімді байқаған Айдар біраз ашыла бастады. Оның әр айтқан сөзі құлағыма майдай жағып, оның ислам діні, шариғат, Пайғамбар жайлы әсерлі әңгімелерін естуге бұл саябаққа күнде келетін болдым. Тұнық ислам дініне деген бар махаббатым кеңейе бастады. Ол маған көптеген кітаптар әкеп, бұларды бастан аяқ оқып шығуымды сұрады…

-Анашым, мен, мен, ислам дінін қабылдағым келеді,- деп анама айтып салдым үстел басында отырып. Анам селк ете:

— Қызым, не деп тұрсын, біз христианбыз, біздің өз дініміз бар, сенің аталарың да осы дінде болған,-деген анама жайлап түсіндіруге әркеттендім.

— анашым, менің жүрегім әлденеге алаңдаулы, бір нәрсе жетіспейді, ішім алай-дүлей, тынысым тарылады, ислам дініне аңсарым ауады, мұсылман болғым келеді…

-Болды, жетер, сен қалай мұсылман боласын, біз христианбыз, түсінесің бе, христианбыз.

Анама ешнәрсені түсіндіре алмадым, түсіне алмасы да анық. Ойда жоқта дінімді өзгертем деген шешімім, анамның төбесінен жай түскендей болды. Әрине, рұқсатын бермесі анық еді. Бірақ, мен ойымды өзгертпеймін деп шештім. Менің исламға деген махаббатым күннен күнге тұла бойымды шуаққа бөлеп, еріксіз көңілімді шаттыққа толтыратын. Мен өзіме сенімді болдым, мені ешкім тоқтата алмайды, мен мұсылман болам деген ойдың жетегіне еріп, сол саябаққа келдім. Айдар күнделікті өз орнында сәбиімен отыр. Мұсылман боламын деген ойдың өзінен қуанышым қойныма сыймай, бақыттан басым айналып, жүзіме қан жүріп, бойымды ерекше қуатты күш билеп алғандай болып, Айдардың жанына жетіп бардым. Бара сала:

-Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух , деп амандастым.

-Уағалейкумассалям, уа рахмтуллахи ууа баракатух, деп Айдар таңқала маған бұрылды. Ол бұрыла орнынан тұрам дегенше, мен көзімді жұмып тұрып, қуана -қуана:

-Әшхаду әллә иллаха иллалах, уа әшхаду анла Мұхамадур уа расуллуллах, деп айта жөнелдім. Артынан қайталай: Лә иллаха иллалах, мухамадур расуллулах, дедім.

Айдар, бір ауыз сөз айта алмай сәбиін көтерген күйде бір орнынан тапжылмай тұрып қалыпты. Таң қалған ол:

-Ма ша Аллах, ма ша Аллах, Аллаху акбар, деген сөзді қайталай берді.

-Мен мұсылман болғым келеді, мен ислам дініне ғашықпын, менің іздегенім осы еді… дей жылап жібердім. Бұл шексіз бақыттың көз жасы еді.

-Сен мұсылмансың, мұсылман болдың. Бақыттың дәмін таттың, деп Айдар да менімен бірге қуанышын жасырмады.

Кішкене ғана, сүйкімді былдырлаған тілімен менің жүрегімді жаулап алған Айдардың баласын қолыма алып мауқымды басқан сайын, өзімді бұл әлемнің бар байлығына ие болғандай күй кешіп, еш ажырағым келмей, қиналысымды ішіме бүгіп, тыпыршып қалатынды шығардым. Менің бауыр етім баламды тартып алғандай, тұла бойым сыздап, сағынышым күшейіп, жыласа омырауым иігендей, беймазданатынмын. Бұл жағдайымды байқаған Айдар, баламен көбірек болуыма рұқсат беріп, өзі жырақтау жаққа барып біздің көңілді ойынымызды бақылап отыратын. Күніне екі-ақ сағат көріссем де, осы санаулы уақыттардың ішінде балаға бауыр басып, ол да маған өз анасын көргендей, еркелейтін…

Осылай бақытқа кенелген күйі бірнеше ай өткенін де сезбептім. Анамда менің мұсылман болғаныма көндігіп, менің мешітке барып сабақ алып жүргенімді де құп көрді. Мен бақытты едім. Бірақ осы бақытыма бір нәрсе жетіспейді. Ол отбасы еді. Айша анамыз сияқты адал жар атанып, мейірімді ана атанғым келді. Мен ана едім. Айдардың баласы, анасының ақ уызына жарымаған Айбардың анасымын. Айдармен арамыз сыйластықтан, діндес, сырлас досытыққа айналды. Ол маған өз отбасы жайлы, ақ некелі жары жайлы сабырмен көп әңгімелейтін. Ақ некенің қадірі мен қасиеті жайлы сөз қозғайтын. Мен оның әңгімесін бар ынтаммен беріліп тыңдағанды ұнаттым. Сөз арасында өзімнің де өткенім жайлы талқалайтынмын. Айта отырып, Аллаһтан кешірім сұрай отырып, кезінде өзім мазақ қылған мұсылман қыз жайлы да айтып бердім.

-Аллаһ кешірімшіл, істеген әрбір ісіңнің артынан кешірім қылсаң, қабыл алады. Аллаһ сүйген құлына ғана осындай иман береді. Сенің тәубеңді Аллаһ қабыл алған, сені мұсылман етті. Адамға бұдан артық бақыт бар ма? – деген Айдардың сөздері менің бойыма ерік жігер беріп, қайраттандыра түсті.

Менің өмірім түбегейлі бір арнаға түскендей болды. Бірақ толық емес…

 

(Жалғасы бар…)

 

Айгерім Есқожаева Айгерім Есқожаева
9 жыл бұрын 4266
1 пікір
Блог туралы