ЖАРАТУШЫСЫН ІЗДЕГЕН ЖҮРЕК-2
ЖАРАТУШЫСЫН ІЗДЕГЕН ЖҮРЕК-2

Осылай күндер де өтіп жатты. Бір курсты қайта оқимын деген оймен де келісіп, ендігі жазғы демалысты жақсылап тұрып өткізем деп шештім. Өзіммен қатар сабағынан қалып кеткен достарыммен қайта бас қоса бастадық. Енді біз дем алуға, жаздың ыстық күнінде суға шомылып, күнге күймекші болып жолға шықтық. Үш сағаттық жолды алатын бұл демалыс орнына бар саймандарымызды дайындап, ішімдік те алып шықтық. Бес адам болып тойлап, ішіп, суға шомылып, біраз демалдық. Күн қоюланып батып, дала қараңғылана бастағанды қайтуға жиналдық. Ешқайсымыз сау емеспіз. Есіміз кіресілі шығасылы. Ешнәрседен қорықпаған күйі көлікке отырып, зулап бара жаттық. Ырқы жырқы күлкі, әңгімеге толған көлік алда кетіп бара жатқан көліктердің бәрін артта қалдырып, зымыран секілді зулап бара жатты… есімде қалғаны көзіме түскен, қарсы келе жатқан жүк көлігінің фары ғана…

Көзімді аштым. Жан жағыма жайлап қарап жатырмын. Үстіме тас құлағандай,денем ауырлап, ауырып барады. Сөйлеуге шамам келер емес. Тек ыңырсыған даусым еміс еміс шығады. Мен кіммін, мен қайда жатырмын? -деген санамды сан сұрақтар жаулап барады. Қасымда ешкім жоқ. Бірде есіқ ақырын қиқулана ашылып, ішке бір медбике кіргенін байқадым. Менің оянғанымды көре сала, сыртқа атып шығып дәрігерді ертіп келді. Үстіме төніп келе, саусақтарымен көзімді ашып қарап, басымды ұстап, көкірегімді ашпақ болған дәрігердің қолын менің қолым қалай қағып жібергенін өзім де білмей қалдым.
— Міне, Веражан, оянуыңмен. Ендігі жаңа жүрекпен жаңа өміріңе қош келдің. Мықтысың сен, ертең аяғыңа нық тұрасың. Өмірің енді алда… деген дәрігердің не айтпақ болғанын еш түсінбестен, анамды іздедім.
— Анам, анам қайда дедім жайлап.
— Қазір, келеді. Медбикелер хабар берді.
Мен анамды күтіп жаттым. Қазір ең керегі анам ғана болып тұр. Жайлап жайлап бірнәрселер есіме түсіп жатты. Ең бірінші есіме түскені анам болды. Оны соңғы көрген сәтім, яғни достарыммен шомылуға кетер кезімдегі анамды қатты ретжіткенім, «бармай ақ қойшы, бүгін менің жанымда болшы, анаңды ұмыттың ғой» дегеніне қарамай, анама қатты- қатты сөздерді айтып, оның айтқанына құлақ аспай, сырт айналып кетіп қалғаным, анамның артымда жылап қалғаны, бәрі -бәрі есіме түсіп жатты. Анамды соншалықты сағынғанымды, оны қатты жақсы көретінімді, оны ренжітпеу керек екенін енді түсініп жатқандай болдым. Сол сәтте, көз алдыма өзім көп ренжіткен әлгі орамал тартқан қыз даселестеп кетті. Мен оны да ренжітіп, мазақ қылған едім. Ол маған не істеді, сонша, ал мен ше, оған не көрсетпедім? Осыдан жазылып шықсам, бәрінен кешірім сұрауым керек деген ой түйдім…
Жүрегім әлденені іздеумен әлек болып тұр. Бір нәрсе жетіспей тұр ау. Анамды іздедім, бірақ анам да қуаныш жасын сығып қойып қасымда отыр. Достарым ше? Бірақ олардың бәрі бақилық болғанын анам айтып үлгерген еді. Бірақ мен оларды іздеп тұрғаным шамалы ақ еді. Көңілімде кірбің ұялап, жүрегім аласұрып бірнәрсені іздейді. Жаным тынышталар емес. Мен Вера емеспін. Менің жүрегім басқаша соғып тұр. Мен жаңа жүректі Верамын. Бірақ денем де, түрім де, отбасым да, тіпті өткен өмірімнің естеліктері де Сен баяғы Верасың деп айтып тұрды.
Менің жүрегімді ауыстырды дегенге еш сене алмадым. «Менің ағзамды басқа біреудікімен алмастыруға қалай дәттерің барды деп ренжідім алғашқыда». Кейіннен бар жағдайды ұғысқаннан кейін бұл да бір тағдырдың жазуы деген болжамға келдім.
Аяғымды нық басып, өз өзіме келе бастадым. Үйге оралдым. Үйім емес, тас қапаста қалғандай күй кештім. Жан жағыма таңырқай қарап, бұл үйде ешқашан болмағандай жақтырмай қарадым. Бірақ бұл менің үйім ғой, менің бөлмем. Мына тұрған кереуетте менікі, мына қабырғада ілулі тұрған крестке қағылған Исаның мүсінін де өзім орналастырғам. Мына сөрелер де, мына заттар да бәрі менікі емес пе? Бірақ неге екені, беймәлім, бұлардың бәр жат, ұсқынсыз көрінді. Ең қатты қорыққаным, қабырғадағы Исаның мүсіні еді. Оны көрген сәтте жүрегім дүрсілдеп, жақтырмаған күйі артқа қарай қадам басып, бөлмеменен шығып кеттім. Көкірегімде бір мұң ұялап, жылап жібердім. өксігімді баса алмай біраз тұрғаным анама, тіпті маған да жұмбақ болды. Мен не қалайтынымды білмей дал болып жыладым ба, жоқ жүрегімді ауыстырғанына жыладым ба, жоқ үйіме оралғаныма қуаныштан жыладым ба, жоқ бұл үй маған жат болып көрінгені үшін жыладым ба білмедім. Бірақ бөлмеме кіруге жүрексініп, тартыншақтап тұрдым. Аяғым басар емес, қазір дәл осы жерде жоқ болып кеткім келді.
— Веражан, бөлмеңе кіріп біраз демал. Саған көп қаймығуға, шаршауға болмайды. Қызым, аман есен келгенің үшін Жаратушыма көп алғыс айтам, деген анамның даусынан селк ете түстім. Мен қаламаған бөлмеге кіруімді сұрап тұрған соң, жайлап барып кірдім. Кереуетіме жайлап жатып, көзімді жұмдым…
Таң қылаң атып, терезе тұсыма ай сәулесі түсіп, бөлмемді жарықтандыра түсіп жатыр. Ұйқымнан маза кетіп, жүрегім алқымыма келіп барады. Жат бір қамауда қамалып қалғандай, жүрегім де аласұрып, ытқып шығып кеткісі келетіндей бір қатты лүпілдейді.
Айнала тым тырыс. Жұрттың бәрі терең ұйқыға кеткені анық. Бірақ, мен, біреуді не бір нәрсені күткендей сабырсызданып, тыпыршықтап бара жатқандай болдым. Кенет, бір дауыс естілгендей болды. Неткен әдемі дауыс, неткен әдемі әуен. Тереземнің ашық тұрған жерінен бұл дауыс самал желмен бірге ілесіп, менің құлағыма жағып барады. Жоқ, құлағыма емес ау, жүрегіме. Бұл,мешіттен шығатын азан дауысы ғой. Орнымнан ытқып тұра, терезе жақтауына бардым да тыңдап тұрдым. Неткен әдемі әуен бұл. Сірә, бір іздегенімді тапқандай, жүрегімде тынышталып, бір рахат күй кешкендей болдым. Тілім күбірлеп, азанның сөздерін қайталай кетті. «Аллаху акбар. Лә Иллләһә ИллАллаһ» көңілім көтеріліп, қуанышқа бөленгенім соншалық, тоқтап қалған азанның сөздерін жаттап алғандай қайталай бердім, қайталай бердім. Өзімді бір бақыттың құшағына еніп кеткендей сезініп, көңілімдегі гүп болған өксігім жазылып, «Лә Илләһә ИллаАллаһ» деп неше рет қайталап тұрғанымды да білмей қалдым. Кенет көзім, қабырғадағы мүсінге түсіп кетті. Дереу есімді жиып, айнаға қарадым. Айна алдындағы тұрған адам, ол мен, Вера екенімді көрдім де, қайта көңілім алабұртым, мұңайып қалды. «Сен Верасың, орыс қызы, сен христиансың» деп айнада тұрған өзіме қарап, іштей айта бердім…
Сол күйі таңымды ұйқысыз атырдым. Сол әдемі әуенді тағы да естігім келе берді, келе берді…

(Жалғасы бар…)

 

Айгерім Есқожаева Айгерім Есқожаева
9 жыл бұрын 4002
5 пікір
  • Жалғасын күтеміз деп, басын ұмытып қалатын болдық)))) Аяғын тезірек салыңызшы, Әйгерім)
    9 жыл бұрын
    • Үндінің Анандиінің жалғасын күтіп жүретін қазақтар, "Жаратушысын іздеген жүректің" жалғасын да күте тұрар))) Алла қаласа, соңғы бөлімі жарияланады.
      9 жыл бұрын
  • Мен muslimat.kz-тен барлығын оқып алдым)))
    9 жыл бұрын
  • Мен не қалайтынымды білмей дал болып жыладым ба, жоқ жүрегімді ауыстырғанына жыладым ба, жоқ үйіме оралғаныма қуаныштан жыладым ба, жоқ бұл үй маған жат болып көрінгені үшін жыладым ба білмедім.
    9 жыл бұрын
Блог туралы