Үзілмейтін құлшылық
Үзілмейтін құлшылық

Кеше қызық болды. Қоянқұстан шығып қалаға такси ұстадым. Көп күткем жоқ. Жасыл ауди шиқ етіп тоқтады. Есігін ашып:
— Қалаға ма? — дедім.
— Иә, — деді.
— Қанша?
— Пәлен. Келістік, кеттік! – дедім де көліктің артына жайғастым. Алдында бір ересек кісі отыр. Таксистің түріне қарап ішім қылп етті. Иегінде сүйкімсіз сақал. Балағын боса да көре алмадым. Есесіне көзіне қарап кім екенін бірден білдім. Соңғы 20 жылда елде қамыстай қаулаған таныс назар. Мейірім мен махаббаттан ада болып, агрессияға тола бастаған жансыз жанар. Ішімнен «Тәк, қазір мынау уағыз айтып бастайды. Қуатты ойларды жинақтап, шабуылға дайын отырайын» дедім де «шашылып жүрген ойларды дереу миға мобилизация жаса» деп ақылыммен сирена қостым. Дабыл бойынша жаппай миымда сапқа тұра бастаған ОЙЫМА: «Қазір қақтығыс болуы мүмкін. Бәрің майданға сақадай сай тұрыңдар!» деп команда бердім. Олар: «Құп болады, Шәнжархан!» деп честь берді де толық әскери күйге келді. Таксиші де қайта-қайта айнадан маған қарап, миға шабуылдайтын қолайлы сәтті күтіп отыр. Мен де сақ отырмын. Қасындағы кісіге қарап үзілген әңгімесін жалғап:
— Жап-жас қой. Елу деген не тәйірі? — деді.
— Иә, ажал айтып келмейді. Кетті енді не болса да, — деп қояды серігі. Сөйткенше болған жоқ ол: «Мен келдім. Ана бұрылыстан тастап кет» деді. Көлік тоқтады. Ақшасын төлеп түсіп қалды. Ішімнен «Тәк, кезек маған тақады. Қазір ілмекті лақтыруы керек» дегенімше болған жоқ манипуляция басталды. Ол:
— Брат, Қоянқұстың архитекторын танушы ма едің? – деді.
— Жоқ. Мұнда тұрмаймын.
— Сол архитектор кеше қайтыс болды.
— А, иманды болсын!
— Жап-жас кісі болатын. Бар жоғы елуде. Бізбен футбол ойнап жүретін кешеге дейін. Не болғанын білмеймін. Таңертең оянбай қалыпты.
— А, иә, қазір сондай ауру көбейді ғой…
— Қараш иә, ажал деген аяқ астынан. Өлеміз деп ойламаймыз. Ойнап күліп мәз болып жүресің, и раз, бір күні жоқсың. И, қабірде періштелер сенен дапрос алып жатыр. Ал сенде вобщее дайындық жоқ.
— А, иә, «Ажал ақымақ үшін алтау, ақылды үшін біреу» деген ғой атам қазақ деп мен де әңгімені ілген болдым. Ол:
— Брат, қарашы. Қандай ғапылмыз, иә? Өлімді, қабірдегі азапты ойламай тек дүниені уайымдаймыз, — деді.
— Енді, қу тіршілік қойсын ба?
— Со ғой, сол. Аллаһ Құранда: «Өмірлерің Менің алдымда бір сәт қана. Ертең-ақ сендерді алдыма ажал айдап әкеледі» дейді. А, біз оны ұмытып, тек дүниенің соңында жүреміз.
— Басқа не істейміз енді?
— Брат, не істегені қалай? Ақиретті ойлау керек, ақиретті. Ойнап күле бермей алда өлім барын бір сәтке ұмытпауымыз керек. Сонда ғапыл болмаймыз.
— Жарайды, солай ойладық делік. Сонда Құдайдың адамды жаратуында не мақсат бар? Бізді не үшін жаратты? Жаратқан соң адамнан Құдай не дәметеді? Өлім туралы ойлап жүргенде Құдайға керегі не?
— Не дейсің бе? Оны Құранға қарап точно білеміз.
— Иә, Құранда не депті?
— Құранда Зурият сүресінің пәлен аятында «Мен адам мен жындарды Өзіме құлшылық ету үшін жараттым» деп жазған.
— Иә, не болыпты енді?
— Не болғаны қалай? Құлшылық ету керекпіз.
— Жақсы, сонда жұрт жаппай құлшылықта болу керек пе?
— Иә, да. Аллаһ бұйырды ма, болды. Құл әмірді орындау керек, — деп бір-ақ кесті.
— Әй, елдің бәрі солай жүре алмайды ау? – дедім күмәнді дауыспен.
— Неге? Неге жүре алмайды? Брат, өзің ойлап қарашы. Таң намазы 2 ракат. Сүндетімен төртеу. Әрі кетсе бес-ақ минутта оқисың. Дұрыс па? Ең ұзақ оқылатын бесін намазы 10 ракат. Соның өзіне ары кетсе 15-ақ минут шығын. Сосын екінті ең оңайы. Шам да солай. Құптанда 9 бас намаз. Бітті сонымен. Бәрін қоссаң бар ғой иә, тәулігіне жарты-ақ сағат уақыт кетеді. Өзің ойлашы 30-ақ минут. Ел соған қиналады ғой-е, соған. Сенесің бе осыған?
— А, жақсы екен. Құлшылыққа тек намаз жата ма, сонда?
— Жоқ, бес парыз. Намаз соның ішіне кіреді. Біріншісі: Кәлима-шаһадат айту. Екіншісі жылын бір рет ораза ұстау. Сосын, по мере возможности Меккеге қажылыққа өміріңде бір рет бару керек. Қалтаң көтерсе зекет бер. И сосын бес уақыт намазды үзбей оқу керек! — деп соңғы сөзін ерекше екпінмен аяқтады. Мен:
— Болды ма? Бары сол ғана ма? – дедім.
— Не, бары сол ғана ма?
— Құлшылық түрлерін айтамын. Осы бесеуімен құл боламыз ба, Құдайға? Басқа жоқ па?
— Иә, да!
— Өй, мынауың аз ғой.
— Қалай аз? — деді таксист жалт қарап.
— Енді ондай Ұлық Құдайға өміріңде бір рет кәлима айтып, жылына бір рет ораза ұстап, өлгенше бір рет қажылыққа барып, зекетті берсең беріп, бермесең қойып, тәулігіне бес рет намаз оқу деген дым емес қой. Не болады мынауың? Өй маған мұндай дін ұнамайды, — дегенім сол еді, жігіт машинаның тормазын қатты басып қалып, «шиқ» еткізді де, жалт қарап:
— Қалай ұнамайды? – деді.
— Құдайдың ұлықтығы мен құлдың шүкіршілігі бір-біріне пропорция емес қой. Түк емес қой мына санап шыққан құлшылығың. Мен сені «құл болайық» дегенге қампайтып бір нәрсе айта ма десем, дым айтпадың ғой. Не болады бес намазың?
— А, не брат, сен осының бәрін орындап жүрсің бе?- деп бейне бір супер тақуаға жолыққандай аузы ашылып қалды.
— Мәселе онда емес.
— Енді неде?
— Маған күрделі һәм қызықты құлшылық керек. «Ей, Құдай, мә, саған осы да болады» деген сияқты бес түрлі ғибадатпен құлдықты шектеп қою Құдайға неуважение ғой.
— Қалай сонда?
— Енді құлшылық деген 24 сағат үзілмейтін болса, сонда ғана құлшылық саналады. Маған бір секунд та үзілмей тұратын ғибадаттың түрі керек. Құдайға мынадай отношение ұстау деген, кешіріп қоярсың, масқара ғой. Өзің ойлап қарашы, бір ораза мен екінші оразаның арасы бір жыл. Бір намаз бен екінші намаздың арасы бірнеше сағат. Кәлимаң мен қажылығың бүкіл ғұмырыңа – біреу. Зекетті жағдайың біледі. Өзің жаңа айттың. Бір күнде 5 уақыт намазға жарты-ақ сағат уақытың кетеді деп. Тәулікте 24 сағат бар. Соның жарты сағатын құлшылыққа кетсе, қалған 23 сағат пен 30 минутты неге арнайсың? Қалған уақытта дүниені ойламағанда жұрт басқа нені ойлауы керек? Адам құл болып, ақиретті ғана ойлап, тек қабірдегі сұраққа дайын отыру үшін 24 сағат сонымен занять болу керек. Сонда ғана ол құлшылыққа саналады. Қой, мынаны менен басқа ешкім естімесін.
— Брат, ел осының өзін орындамай жүр ғой, Құдай бізге жеңілдік қалайды.
— Әй, қойшы ондай скидкамен қалай құл боласың? Қожаңа барып «маған жеңілдік жасашы» деп қалай айтасың? Ұят қой, бір түрлі. Құл болған соң до конца құл болу керек қой. Алаңсыз соның дәргейінде жүретін. Жылына бір рет ораза ұстап, өміріңде бір рет қажылыққа барып, зекетті берсең беріп, бермесең қойып, арасында бес уақыт шала-пұла намазбен сүйретіліп жүру деген не масқара? Кеттім мен. Тәулік бойы үзілмейтін құлшылық түрін іздеймін. Сенің ұсынған дінің көңілімнен шықпады.
— Барт, сені түсінбедім. Зачем саған проблема?
— Қалай проблема зачем? Құлға жеңілдік не керек? Құл деген өлгенше нагрузкамен өмір сүру керек, егер ол шынымен құл болса. Жеңілдік берсе жаңа өзің айтпақшы құл екенін ұмытып есіріп кетеді. Ал егер жеңілдікпен өмір сүрсе оны «құл» деп емес басқаша атайық?
Таксист сасып қалды. Өзіне сенімсіздеу түрде:
— Брат сен мені дұрыс түсінбеген сияқтысың… – деді.
— Түсіндім, түсіндім. Тек более дамыған мощный құлшылық түрін іздеуге кетіп барамын. Сенікі черезчур аз екен, — дедім бастырмалатып. Сол кезде қалаға келіп те қалыппын.
— Жақсы, мен келдім. Осы жерден тастап кет, — дедім де жол ақысын төлеп, жөніме кете бардым. Таксист жол бойғы еңбегінің зая кеткеніне қатты қапа болған сияқты. «Да, құлшылық аз деген адамды алғаш көруім. Сонда бұған не керек?» деген сұрақ көзінде жазылып тұрды.
Ақылымды шатақ діннің матауынан аман сақтап марқайып кетіп бара жатсам бағанағы ОЙЛАРЫМ: «Оу, Сәке, қалай бізге ризасың ба?» деп қояды көңілімді жыбыршытып. «Эй, менің сенімді серіктерім, сендерге әманда риза ғой Шәнжархан пақыр! Сендер болмасаңдар ойсыз мақұлық болар едім ғой. Сендердің арқаларыңда ғана ғой надандықтың қара балшығына батып кетпей аман жүргенім. Ризамын сендерге, ризамын. Екі дүниеде қарыздарымен сендерге» дедім. Ойларым: «Бәсе, анда-санда болса да осылай деп бізді де бір елеп ескеріп, мақтап қойсайшы. А то, айқас біткен соң бәрін өзің қатырған адам құсап кісі боп адам танымай кетесің» деп өзімді қатты ұялтты. ))))

 Санжар Керімбай 

Айгерім Есқожаева Айгерім Есқожаева
6 лет назад 3855
0 комментариев
О блоге