Жаратушысын іздеген жүрек - 4
Жаратушысын іздеген жүрек - 4

Исламды қабылдағаннан бері, көңілім де жайланып, жүзімнен бақыттың нұры шашылғандай болды. Өйткені, мен, әуретін жапқан орыстың қызы едім. Алғаш жамылғымды кеуде тұсыма түсіріп, өздігінен көрінетін жерлерімнен басқа бар жерім жасырынған мені көрген Айдар мен үшін қатты қуанды. Арамызда сыйлас достықтан басқа еш нәрсе болмаса да, бір жақындық бізді еріксіз бауырмал ететін. Алды артын танып білмеген балаға бауыр басып, тіпті өзімді оның анасындай сезіндім. Әттең, әттең, анасы емеспін. Өз өзімді қолға алып, қиын тисе де, енді бұл саябаққа келмеуді ұйғардым. Әркімнің өз өмірі бар, өз теңі бар. Менде теңімді тауып, Аллаһтың қалауымен өмір ағымына сүңгуім керек деп шештім..

Бір, екі, үш деп күндер өтіп жатты. Баласын аңсаған анадай, сағыныштан сарғайып, дел сал күйге ендім. Бес уақыт намазда да, түннің бір уағында да, Аллаһтан тек сабырлық тіледім. Ішім өртеніп, балаға деген сағыныштың отына күйіп, жүрегім сыздап, көңілім алабұртса да тек сабырмен ғана өзімді жұбатумен болдым.

Кезекті дәрігер қабылдауына келген тұсым еді.

-Жағдайыңыз жақсы, жүрек соғысыңыз да бір қалыпты, тек бұл етке көп ауыртпалық түсіретін сияқтысыз. Уайым, қайғы дегенді ұмытыңыз, тек жақсылық пен шаттыққа бөленіңіз, — деп шығарып салған дәрігердің сөзін бір естісем бір естімей, келе жатқан едім. Өйткені құлағыма таныс сәбидің даусы, естіліп бар ойым сол жаққа бөлінді. Жан жағыма іздене қарап келем. Қарсы алдымнан жүрегіме жақын, көңіліме тыныштық сыйлайтын, аналық сезімімді әсірелейтін Айбар мен оның әкесі тұрды. Өз өзіме жауап берместен, бар шаттығыммен қастарына жүгіріп бардым. Өз отбасымды сағынғандай күй кешіп, Жаратушыма сансыз шүкір айттым. Ерекше қуанышқа бөленіп, баланы қыса құшақтап, бал татыған тәтті иісін құшырлана иіскеп, мауқымды бір басқандай болдым…

— Менің баламның туған анасындай болып, маған ақ некелі адал жар, ата-анама ибалы келін, туыстарым мақтан ететін иманды жар боласыз ба? – деген сөздер әлі де құлағыма жаңғырықтай естіліп жатыр. Бұл мүмкін бе, тілім күрмеліп, айтар айтпасымды білмей, Айдардың мені адал жары ретінде көргісі келетініне таң қалып, состиып тұрып қалдым. Еш ойланып болмадым. Менің тағдырым, менің өмірім екенін түсініп, келістім…

Өмірімнің ағысы басқа арнаға бұрылып, ғаламның басқа бетіне, тыныш, әдемі, мейірімді, қайырымды, жұпарлы, таза, көркем өмірге аяқ басқандай болдым. Мен іздеген, жүрегім аласұрып қалаған бақыт. Ислам, отбасы, некелі жар, иманды бала – мен үшін осыдан асқан шаттық бар ма! Исламның нәрімен сусындап, шөліркеген жанымды иманымның нұрымен басып, намазымның жарығымен қуанышқа бөленіп, Жаратушымның жарылқауымен Жәннат есігін айқара ашып, Раббымыздың сүйікті құлына айналғаннан басқа не керек?…

Мейірімі шексіз Аллаһтың қалауымен, отбасы ошақ қасында ыстық жылулықты сезінетін, бір бірімізге тіреуіш бола ақ некемізді адалдықпен ұштастыра, болашақ өмірге де бірге қадам баса отырып шариғат жолымен қидық. Мойныма артылған үлкен жауапкершілікті сезіне отбасымды берік сақтап, балаларыма иманды тәрбие беруді өз борышымдай санап, Раббымызға көп мақтаулар айта білдім. Жаратушымды іздеген жүрегім тыным тапқандай, ерекше жеңілдік пен қуанышты сезіндім.

Жаратушымның маған берген сыйы мен үшін күн сайын бақыт әкеліп тұрды. Иманға толы бақытты күндерім күн сайын мені алға жетелеп, исламға деген құмарлығым артты.             —     Сіздер ерлі зайыптысыздар ма,- деп таң қалған дәрігердің сөзі менің кезекті жүрек тексерісіме бірге келген Айдардың жүзіне кірбің түсірді.

-Иә, менің жарым, Аллаһтың қалауымен, некеміз қиылды,-деп тіл қатқан Айдарға қараған дәрігердің тілі байланып, үнсіз, көздерімен ғана таңданысын білдіріп, жай ғана бізді бөлмесінен шығарып салды.

-Бұл дәрігермен таныс па едіңіз,-деп сұрадым Айдардан. Ол жай ғана басын изеген күйде, алға басып жүре берді. Жүзінен бір мұң байқалып, көтеріңкі көңіліне кірбің түскендей болды. Ойым шартарапқа жүгіріп, сұраулы көздеріммен оған қарай бердім. Тұнық ой құшағына шомып кеткен Айдар жол-жөнекей тіл қатпастан үйге келді. Мазасызданған жүзін көріп мен де ештеңе сұрамадым. Өз ойымен арпалысқан отағасына ерік беріп, Айбарыма қарап, үй тірліктеріне араласа кеттім. Есікті ақырын аша, «Мен қазір келемін, Аллаһ қаласа» деп отағасы сыртқа шығып кетті. Намазымды оқып, Раббымнан сүйген жарымның, отбасымның амандығын, сыйластығын, берекесін сұрап отырған тұста, үйге Айдар кіріп келді. Бет әлпетінде бір мұң мен қуаныштың жібі байласқандай, бақыт пен қайғы бірге ұштасып, түсініксіз реңге бөленіпті. Үйге кіре келе, төсек астында тұрған ескі қобдишаны аша, ретсіз тұрған қағаздарды ақтара жөнелді. Іздегенін тапқан ол, маған жақындай келе, отыруымды сұрады. Жайлап басымды сипай келе, өзі де орындыққа жайғасты. Сөзін неденбастарын білмей, біраз абдырап, мазасызданып қалды. «айта беріңіз, отағасы» деген кезіме ғана, біраз сабырға келіп, бойын тік ұстай, терең тыныс ала сөйлей кетті:

— Сенің сол жол апатынан кейін аман қалғаның Бір Аллаһтың қалауымен болды. Әр нәрсенің қайыры бар, сол кездегі жол апаты сен үшін қайырлы болып, бақытқа, Жәннатқа жетелейтін сынақ болды деп білемін. Өзіңде білесің ғой, Пайғамбарымыздың с.ғ.с айтқан хадисін «денеде бір ет бар ол жаман болса, бүкіл тәнің де жаман, ол жақсы болса бүкіл тәнің де жақсы». Сенің сол ауыстырып, жаңа жүректі атанғаның да Жаратушымыздың саған берген сыйы. Өлген жүрегіңнің орнына Раббысын сүйетін, Тек Аллаһ деп соғатын жүрек салынғанын білесің бе…

Ешнәрсе түсініп, ұғынар емеспін. Менің өткенім жайлы әңгіме қозғап, жүрегімнің жаңадан тыныс алуын айтып отырғаны мені толғандырып жіберді. Айдардың маған не айтпақ болып отырғанын да жорамалдай алар емеспін. Жай ғана сабырмен, жолдасымның ойын бөлмей, әрбір айтылған сөзін мұқият тыңдап отырдым.
Сен Раббыңның сүйген құлысың, сенің жүрегің Аллаһ деп соғады, Айдарды сүйеді және мына балаңның жүрегімен қосылып лүпілдейді. Сен өз отбасыңды таптың…

Басымды изеумен отырмын. Жүрегім дүрсілдеп, мазасызданып кеттім. Айдарды қолындағы қағазға көз салып қоям. Бірақ отағасы жайлап қана, сабырмен сөзін ары қарай жалғастыра түсті.

-Аллаһтың қалауымен сенің жүрегің Жаратушысын іздеп тапты. Жылаған балаңның даусын сезген жүрегің балаңды тапты. Менің көңілім қиналғанын сезген сенің кішкене ғана жүрегің мені тапты….

Айдардың көзіне жас үйіріліп, қолымнан жайлап ұстап, терең тыныстай келе:

-Менің қазір ғана сен қаралып жүрген дәрігермен жолығып келдім… Есіңде ме, саған алғашқы жарымның баламды дүниеге алып келу барысында қайтыс болғанын айтып едім. Сол жарымның қан қысымы көтеріліп, миына қан құйылып, марқұм болды. Дәрігерлер баланы аман алып қалды. Мен сене алмадым, өйткені жарымның жүрегі тынымсыз соғып жатқан еді. Дәрігерлермен үмітім мен сабырым таусылғанша айтыстым. Бірақ, Аллаһтың қалауымен аман алып қала алмады. Сол кезде осы дәрігер келіп, жарымның миы өлгенімен, жүрегі тірі екенін айтып, сол жүрек әлі де соғып тұра алатынын жеткізді. Мен келістім, себебі жас өмірдің қыршынынан қиылғанын қаламадым. Жарымның соғып тұрған жүрегін көлік апатына түсіп, жүрегіне зақым келіп, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан басқа адамға сыйладым. Сол жас қыз қазір дәл менің алдымда отыр…

Жаңадан бері лүпілі жиілеп, тыным таппай отырған жүрегім бір сәтке тоқтап қалғандай күй кешті. Төбеме жай түскендей, денемді бастан аяқ ток күші соғып, қол аяғым қимылын жоғалтып, өзімді сеспей қатып қалғандай сезіндім. Менің жүрегім, жо-жоқ, менікі емес, жаңа жүрегім, бұл қалайша, мен кіммін, еш нәрсені ақылыма қондыра алар емеспін… менің толқынысымды байқап отырған Айдар менің қолымнан жайлап ұстап, мені сабырлыққа шақырды:

-Жаңа барып келген дәрігер бізді көріп таңқалғаны соншалық, мен оның абыржып қалғанын байқап, оған қайта жолықтым. Мен одан алғашқыда жарымның жүрегін кімге бергендерін білгім келді. Бірақ ол құпия екенін және дәрігерлік әдепке жатпайтынын айтып шығарып салған болатын. Бірақ бүгін дәрігер мағанн ашылды. Бізді көргенде өз көзіне өзі сенбесін білмеген ол маған сол қыздың сен екеніңді айтты. Мен де таң қалдым. Бірақ тез есімді жия қойдым. Міне айтпағым осы еді, -деді де, маған қолында ұстап отырған қағазды созды.

-Міне танысып қой. Саған жүрегін сыйлаған жан,бұл келіншекті тануың мүмкін- деп Айдар ең алғаш маған марқұм жарының суретін көрсетті. Төбеме жай түскендей болып, сілесе қатып,тілім аузыма күрмеліп,тұла бойым дір-дір ете суреттегі бейнеден көз алмай отырып қалыппын.

Сабырға келіп, ақылымды іске қостым. Аллаһтың қалауы ғой, менің жаңа жүрегім өз жарымның жары мен баламның туған анасы болады деп ойладым ба. Менің өмірімнің мәні болған дінім, жарым, баламда әу баста –ақ осы жандыкі болған. Ал мен, ал мен, шыдамай жылап жібердім. Өксігім аузыма тығылып, көзімнен еріксіз ағылған жастар бетімді жуып, ешқашан есіме алмайын деген өткен өмірім сағымдай сырғылып жанарымның алдында өтіп жатты. Маған бақыт сыйлаған, жаңа өмірімде жаратушымды танытқан бұл жүректің иесі мен ренжіткен орамалды қыздың меншігі екенін білдім бе?   Отты өкінішім өзегімді өз алаулаған жалынына өртеп барады. Жасаураған жанарым құрғай алмай, елең-елең ете жолдасыма қарай бердім. Біраз үнсіздікпен қарай отырып, сабырлы кейіппен, жылы жүздене сәл жымиа келе,саусақтарымен шашымды сипай
Білем, бәрін білем. Қазір не ойлап отырғаныңды да сезем. Білем, біле тұра сабырлық таныттым. Сенің менің жас келіншегіме аяқ киіміңді сүрткізгеніңді, біраз ашуланып, қағып кеткеніңді де… Білемін және кешір,- деді.
Мен қайдан білесің деген таңырқаулы жүзбен оған сұрана қарадым.
Келіншегім екеуіміздің арамызда сыр болмайтын, бір-біріміздің ренжіген сәттеріміз бен қуанған кездерімізді бірден байқап сөзге келместен түсінісіп, сырласып, мұңдасатынбыз. Бірде маған сауда орталығынан келе жатып, абайсызда асығамын деп бір қыздың аяғын басып кеткенін, сол үшін кешірім сұраса да, әлгі қыз аяқ киімін сүрткізгенін айтып келді. Сол себепті аздап ренжіген екен. Бірақ реніші ұзаққа бармады, өйткені ол кешірімшіл еді және сол қызға Аллаһ иман берсін деп артынан дұға жасаған болатын. Кейіннен сенің айтқан әңгімелеріңнен сол қыздың сен екеніңді білдім. Бірақ үндемедім. Өйткені Аллаһ кешірімді, және өзгенің күнәларын жасырса, біз оны неге ашамыз?ал бүгін міне өзің де білдің, бірақ осының бәріне қарамастан, мен сенімен бақыттымын. Мені кешір,- деді.
Сабырға келген жаным тыныштала, өзегімнен өпкен сезімім шуақтана, жанарымнан ағылған мөлдір де тоқтай келе бір сәтке өзімді сол қыздың орнында отырғандай сезіліп, жүрегіммен бірге жаным да, ақылым да, көк тамырымнан сырғи аққан қаным да,тіпті денемнің әрбір мүшесі сол қыздыкі сияқты болып көрінді. Демек, мен үшін дұға жасаған жанның тілегін Аллаһ қабыл етіп, менің мәнсіз өмірімнің мәнін келтіріп, гүлдей жайнатты.

Менің өмірім түбегейлі өзгерді деесем болады. Жүрегімді ғана емес, ой-санам мен сезімімді, ақылым мен жан дүниемді, тіпті тағдырымды да ауыстырып қойғандай болдым. Мен өзгердім. Мен бақыттымын, Жаратушыма алғысым шексіз, мен иман дәмін татып, оның осыншалықты тәтті болып, тіпті дәмі бұл өмірде де, ақыретте де сезілетінін білдім….

…Міне бұл менің басымнан өткен Жаратушымның белгілеген тағдыры. Тағдырыма бойұсынып, бақыт дегеннің не екенін білдім. Бақыт- иманның дәмін тату екен. Ал оның дәмін сезген адам ешқашан одан айрылып қалғысы келмейді. Менің артымнан ерген күйбің-күйбің әңгімелер мені енді міз қақтырмайды. Өйткені иман дәмін татқан тілім, керек емес сөздермен ол дәмді жоғалтып алғысы келмейді…

. Жол жиегінде тұрған ағаштын жанында отырып демімді алдым да, отағасына қарай асықтым. Аллаһ қаласа, баламыздың артынан еретін іні-қарындасының жағдайын жасауға әзірден дайындалайық. Мен Вера, орыс қызы , мен Альхамдулиллях, мұсылманмын…

Айгерім Есқожаева Айгерім Есқожаева
9 лет назад 4584
2 комментария
О блоге