…Әкесінен қапыда айырылған ол ендігі жерде анасынан да көз жазып қалғысы келмеді. Артынан ере шыққан ағасы:
-Батыр, сен енді бала емессің. Апамыздың жағдайын көрдің. Не шара? Ендігісін келешекте көре жатармыз,- деп қолындағы бір бет дәрілік атаулар жазылған қағазды ұстата бұған басу айтқандай болды.
Тіршіліктің қам-қуытымен жүрген әрқайсысы аналарының жағдайына көңілдері босағанымен, ешқайсысы да қара шаңыраққа қайта оралғысы келмеді. Бірі кеткен адаммын десе, бірі жұмысын сылтауратты. Бірі отбасын алға тартты.
- Маған ешкімнің де көмегі қажет емес, апам екеуміз-ақ күн көреміз. Алла бізді нәпақасыз қалдырмайды. Тірі тіршілігін істейді,-деп Батырбек ешкімнің көмегіне мұқтаж еместігін білдірген тұғын. Анасының жанынан табылған оның жора жолдастары үлкен маман иесі болып, мәртебелі атаққа ие болып жатқанда, бұл алжыған апасының артынан жүріп, істемей кеткен тірліктерін бітіріп, күйбең тіршіліктің ортасында жүрді. Тағдырға не шара, анасының жағдайы күн өте нашарлап жүрді. Өз баласын танымай, «ұры, ұры» деп пышақ ала жүгіретінді шығарған. Өткір, ұзын деген заттардың бірін қалдырмай жиып, қораның сөресіне тығып тастады. Анасын қамқорлығына алып жүре берер ме еді, Бибіні жолықтырып, өмірін де өзгертуге шешім қабылдады. Жасы отыздар шамасына келіп қалғанда, артынан ұрпақ қалдырып, адал жардың еркелігін көргісі келді. Бибіні анасының кезекті дәрігер кеңесіне барғанда ауруханада жолықтырды. Жаңбырлы күнде аяқ киімі батпаққа малынған анасының ары бері жүріп, еденді лайлауы еденді жуып жүрген Бибінің ешбір көңіліне тимей, қайта тек күлімдеп қана, былғанған жерді қайта қайта жууы, асқан сабырлығы Батырбекті тәнті еткен болатын.
- Кешірерсіз, анам кішкене тыным таппай тұр еді,- деген оған Бибі:
- Ештеңе етпейді, бұл менің жұмысым, бастысы аналарымыз аман болсын. Жүз өтсе жүз рет жууға дайынмын,Жәннәт ананың табанының астында -деп, Батырдың мейірімін арттырған еді. Танысытығы осылай ұлғайған Батыр мен Бибі күндердің күнінде бас қосуды ұйғарған –тын.
- Қызым, барған жеріңе судай сіңіп кет, тастай батып, су бетіне қалқып шықпа. Отағасын құрмет ет, оның разылығын ал. Анасына кейуші болма. Тағдырыңа не жазса соған көн. Алла Тағаладан пана сұраудан жалықпа. Құлшылықтарыңды қаза етпе. Әрқашан дұғаларыңа отбасыңның берекесін қос. Сабырлығыңды аяма, Алла сабырлыларды дос етеді. Жақсы мінез –құлық таныт. Барға қанағат ет. Отағасының тапқан ризығына шүкір ет, Алла несібеңді арттырады. Ашу – әлсіздік, ашуыңды жеңе біл. «Сондай-ақ ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Аллаһ жақсылық істеушілерді сүйеді» Ешкімге ешқашан шағым айтпа. Шаңырағыңды шайқалтатын әрекеттен аулақ бол. Аяулы ана бол. Ибалы келін бол. Ақ батамды бердім. Ақыретте сенің тәрбиең үшін пейіштің төрінен құр қалатын жағдайға жеткізбе,- деп Бибінің әкесі, ауыл молдасы кенже қызына дұға-тілектерін айтып, шығарып салған еді. Келін болып түскелі тұрған үйінің шаңырағын биік ете көтеріп, болашақ жарының анасына деген құрметті аямау, адал жарының разылығын алу Бибінің алдағы қойған ендігі мақсаты болды. Осылай екі жас шаңырақ көтеріп, бас қосты. Жас келіншегі мен анасының қамы үшін, ұрпақ келер болса, оған да барын беріп тәрбиелеу үшін Батырбек екі жеңін түре дабыл қақпай жұмыс істеді. Маман иесі атана алмаса да, өмірден үйренгенін көре екі қолына бір күрек табылып жатты. Кейде ауыл аралап, көрші қолаңдардың тұрмыстарына қолғабыс бола білгені үшін де, жұрт разылығын білдіріп жатты.
Алғаш келін болып түскеннен –ақ , ақ жаулығын басынан тастамаған Бибіні Батырдың анасы көрсе көзіне отағасын қан жоса етіп, жәбірлеп кеткен ұрылар елестейді ме, әйтеуір Бибіні аса жақтырмағаны көрінді.
- Сен, бейбақ, түбіме жетпекпісің? Бар алтын мен ақшаны алсаң да, керегі менің жаным ба? Ұры, ұры,-деп байбалам сала келе:
- Еее, қарғам-ау, менің Батырымның келіншегісің бе? Көп жаса айналайын. Батырым саған аманат, ұрпағымының жалғасы, кенжемді саған тапсырдым,-деп бір мезетте өзгере кететіні бар. Бибі бұндай жағдайда жай ғана сабыр етіп, дұға тілеумен ғана болды…
Батыр,-деді Бибі сыбырлай, ұйықтап жатқан анасының аяғын ұқалап отырған отағасына:
- Сіз Алла қаласа жақында әке атанасыз,-деді сәл ұяла, қызыл алма бетін төмен қарата, жымиып:
Раббым менің дұғамды қабыл етті, енді салиқалы ұрпақ тәрбиелеу біздің мойынымызда. Жүзіне бақыт лебі ұялаған Батыр, көзіндегі қуанышын жасыра алмай,
- Разымын саған, Аллаға мың да бір шүкір етем. Артымызда бізге дұға оқитын ұрпақ келеді,- деп жас балаша ойнақтай, қуана кеткен Батырға:
- Мен сізді Алла разылығы үшін жақсы көрем, сіздің де Жаратушымыздың сүйікті құлы болғаныңызды қалар едім. Бір тілегім бар еді…
— Айта ғой, Алладан аманаттап алдым, қолымнан келгенше тілегіңді орындауға әзірмін,-деп Батыр да сөзге тартыла, анасының үстіне жамылғы жауып, Бибінің қасына келіп, қолынан алып саусақтарын сүйе кетті.
— Мен сіздің Алла жолында білім алып, сол білімді үйретушілерден болғаныңызды қалаймын. Келешекте ұрпағымызға ілім үйретіп, оларды тура жолға бағыттап, игілікке бастар азамат етіп тәрбиелегеніңізді жөн көрем. Ілім алсаңыз…,- деген Бибіге, Батыр:
— Ілім алу парыз. Алайда мен анам мен жарымды тастап, ілім іздеп кетсем, еркегі жоқ үйге көз алартатындар табылмай ма? Анамнан көз айырмай қарап, мал мүлікке сақ болу нәзік жүректі саған ауыр тиеді емес пе. Асыраушың алыста болса, асыңды қайдан аласың,-деп жауап қайтарған-ды.
— Алла асыраушы, несібе беруші. Анамның ендігі жағдайы менің қарауымда. Жаратушым амандық берсе, анама да, мал мүлікті де көзімнің қарашығындай сақтаймын. Мен сіздің иманыңыздың жартысымын. Сіздің иманыңыз толық болып, Ақыретте биік дәрежеден көрінгеніңізді қалаймын. Әкеммен бұл туралы тілдесіп те қойғам. Сізді білім алушылардың ішінен көргім келеді…
Бибінің ұсынысына көп толғанған Батырбек бұл істі Жаратушысына тапсыруды жөн санады. Артына қарай-қарай, ауыл молдасынан білім алуға ниеттеніп, күндіз қам тіршілікке бөйұсынып, кешқұрым ауыл имамынан біліммен сусындап жүрді.
Құранның біраз парасын жаттап, ендігі кезде біраз ілім үйреніп қалған Батыр, Раббысына тек мадақтар айтумен болды.Батырдың жоғын сездірмей, апасының асты-үстіне түсіп, тірліктерін ысырмай, қимылын жылдамдата жүгірген Бибіге де оңай соқпады. Бірнеше айдан кейін дүниеге келер ұрпағына да аманатпен қарап, көп шүкіршілік етіп жатты.
(Жалғасы бар…)