«Жүсіп... Жүсіп! Махаббат әлемінің падишасы сенсің! Көңіл сарайымның билеушісі сенсің! Жүрегімнің сұлтаны сенсің, ардақты Жүсіп! Мен саған ғашықпын! Бар болмысыммен, жаным, жүрегіммен ғашықпын! Көркіңе, әрбір қимылыңа, сөздеріңе тіпті исіңе дейін ғашықпын! Сен сұлулардың сұлуысың! Адам атаның сұлулығының жарты бөлшегі бір ғана сенің еншіңде. Ал қалған бөлігі күллі адамзаттың үлесінде. Сен көріктілердің көріктісісің! Сенің әрбір сөзің, іс- әрекетің тіпті кірпіктеріңнің қағысы бәрі- бәрі жарасымды. Ғажайып! «Ер адамға сұлулық маңызды емес. Оның көркі – мінезі» деген сөз бос сөз. Сенде сұлулық та, мінез де бар. Сен тек көркіңмен ғана сұлу емессің. Бәлкім сен мінезіңмен де ғажапсың! Арлылығың, даналығың, әрбір қимылыңның көркемдігі бәрі тамаша. Нағыз адам деген ардақты атқа сен ғана лайықтысың. Нілсіз Мысыр жоғы секілді сенсіз мен де жоқпын. Мен қазырдың өзінде жоқпын. Себебі мен сенмін... Терең махаббатымнан менің жүріс- тұрысым, сөздерім, күлкім, иісім Құдайым- ау, тіпті кірпік қағысым да дәл сенікіндей...
Сен мендегі жүректің әнісің,
Өзіңмен түнім нұр, ашық күн.
Сөздерің, қимылың, дауысың,
Бәріне, бәріне ғашықпын!
Бәлкім сен шынында пайғамбар шығарсың. Сенің Құдайың үнемі сенімен бірге. Ол түнде де, күндіз де сенің жаныңда. Ол сенімен Нілдің жағасында, айбарлы перғауынның сарайында да бірге. Ал менің Құдайларым ше? Жо- жоқ, олар менімен бірге емес. Олар тас, меңіреу. Тас керең көп пұттардан на қайыр. Сен пайғамбарсың. Шіркін, Жүсіп сен қандай кереметсің, ал сенің Раббың қандай екен?...»
Зылиханың махаббаты қандай тәтті әрі азапты. Ол нағыз ғашық жан. Бірақ ол Жүсіпке ғашық емес еді. Шын мәнінде ол пәктікке, асқан сұлулыққа ғашық. Мұңлықтың шынайы зары, көңіл тілегі құдіреті күшті Жаббар Иенің құзырында қашаннан қабыл емес пе?! Оның осыншама ғашықтық дерті ұлы бір сыйға лайықты еді. Жүсіптің Құдайының сыйына. Ол сый – мәңгілік махаббат сыйы. Пәктікке, асқан құдіретке деген махаббат. Жүсіптің Раббысына, әлемдердің Раббысына деген махаббат. Мәңгілік Мәлігіне* деген махаббат.
... қазір Жүсіп Зылиханың жанында. Алайда Зылиханың көңілі...
* Мәлік – арабшадан аударғанда «ие», «билеуші» деген мағына
Мәулә дегені - Жаратушы Ием дегенді білдіреді.